Мектеп тарихы

Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі еліміздегі Зияткерлік мектептердің қатарына 2015 жылдың 4 шілдесінде қосылды. 720 орынға арналған білім мекемесі қаладағы «Береке» шағын ауданында еңсесін көтерді.

Петропавлдағы зияткерлік мектеп жұмысының негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты сапалы біліммен қамтамасыз ету, оқу үрдісіне инновацияны енгізу, білімді, бәсекеге қабілетті, сыни тұрғыда ойлап, өзін-өзі дамытуға талпынған қоғамға қызмет ете алатын ұрпақ тәрбиелеу.

Мектепте конкурстық іріктеуден сүрінбей өткен өңіріміздің алдыңғы қатарлы педагогтері сабақ береді. Олардың қатарында өз тәжірибелерімен бөлісуді көздеген Оңтүстік Африка Республикасы, Кения, Египет, Филлипин елдерінен келген 5 білікті маман бар.

Оқушыларды конкурстық іріктеуден өткізу жаратылыстану-математика бағытындағы химия, биология, математика, физика, информатика пәндері бойынша оқуға қабілетті балаларды қабылдауға бағытталған. Бүгінде Зияткерлік мектепте «Өркен» білім беру грантының 632 иегері және ақылы негізде бір оқушы білім алуда.

Мектепте химия және биология, математика, физика пәндерін тереңдетіп оқытумен қатар, гуманитарлық пәндерді игеруге де көп көңіл бөлінеді. Оқу үрдісінде жоғары нәтижелерге қол жеткізу мақсатында мектеп заманауи құралдармен жабдықталған, оқушылардың жан-жақты терең білім алуына, зерттеу дағдыларын қалыптастырып және дамытып, білімдерін тәжірибеде қолдана білулеріне барлық жағдай жасалған.

Мектеп оқу, тілдік, жатын блоктарынан құралған. Оқу блогы 65 кабинеттен тұрады, оның ішінде 22 тілдік, 6 физика, 6 химия, 10 математика, 5 биология кабинеті, тарих, экология және т.б. кабинеттер бар. Заманауи робот техникасы, нанотехнология және биотехнология зертханаларын ерекше атап өту керек.  Сонымен қатар мектепте техникалық моделдеу, өнер технологиясы, психологтың кабинеттері, педагогикалық және ақпараттық технологияларды ықпалдастыру, жекелей жұмыс жүргізуге арналған дәрісханалар, сирек кездесетін кітаптар қоры бар кітапхана жұмыс істейді.

Балалардың өмірі мен қауіпсіздігі нормаларына сай келетін 136 орындық осы заманғы жатақхана Зияткерлік мектептің тағы бір ерекшелігі болып табылады. Жатын блогының ішінде жуынатын орны бар 4 оқушыға арналған бөлмелер бар. Жатақханада кезекші  мұғалімге арналған бөлме, ата аналармен кездесуге арналған бөлме, сабаққа даярлануға арналған оқу кітапханасы қарастырылған. Кір жуатын бөлме, дәрігер бөлмесі және медициналық изолятор да осы блокта орналасқан.

Мектепте оқушылардың демалуына және шынығуына ерекше көңіл бөлінеді. Балаларға сабақтан кейін түрлі тропиктік өсімдіктер өсетін жылыжайда демалуға жағдай жасалған. Сондай-ақ  жаттығу залы, хореография залы, теннис корты, баскетбол және волейбол ойнауға арналған бірнеше спорт алаңы, хоккей алаңы, скалодром бар. Спорт залының бірі  120 орындық жылжымалы трибуналармен жабдықталған. Спортпен айналысу кезінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық алаңдар арнайы жабынмен жабылған.