НЗМ ҚҰРАМАСЫ ПРЕЗИДЕНТТІК ОЛИМПИАДАНЫҢ ЖЕТІ МЕДАЛІН ТАҒЫП ҚАЙТТЫ

Теміртауда өткен Президенттік олимпиада финалында НЗМ оқушылары бірден жеті медаль тағып қайтты. Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерден сайысқа түскен дарындылар жеңіс қоржынын 3 алтын, 2 күміс және 2 қола медальмен толықтырды.

Жеңіс тұғырына алтын медальмен Оралдық НЗМ оқушысы Ким Максим, Тараздық зияткерлер Алихан Қалмаханбет және Тимур Амангельдиев көтерілді. Ақтаудағы НЗМ оқушысы Інжу Көшербаева және Павлодарлық Зияткерлік мектеп өрені Ержан Ақжігітов күміс иеленсе, Нұр-Сұлтаннан Ернұр Елеусізов пен Қызылордалық оқушы Дамир Денеев қола медаль тақты.Президенттік олимпиаданың қорытынды кезеңіне республика бойынша 171 мектеп оқушысы қатысты. Әр өңірден жиналған мықтылар екі күн бойы физика, математика, химия және биология пәндері бойынша бақ сынасты.

Ерекше атап өтетін жайт, Тараздық Алихан Қалмаханбет пен Оралдан Ким Максимнің көрсеткіштері Олимпиаданың 5 үздік нәтижесіне енген.

– Олимпиада пәндерінен көрсеткішім үздік бес нәтижеге кіргенін естіп таң қалдым. Себебі мақсатым жеңіс қана болған жоқ, өзімді шыңдау еді. Тапсырмалар жоғары дәрежелі және күрделі болды. Қызығушылығымның арқасында барлық кезеңнен сүрінбей өттім, – деді Алихан Қалмаханбет.

– Бала кезімнен физикаға әуес болдым. Олимпиада тапсырмаларының мен үшін күрделі болмағандығы содан болар. Қарсыластарымның да осал болмағанын мойындаймын. Әр пәннен дайындаған ұстаздарыма алғысым шексіз, – дейді алтын медаль иегері Оралдық Максим Ким.

Павлодар қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің намысын қорғаған Ержан Ақжігітов:

– Мұндай ауқымды да күрделі олимпиадада алғаш топ жаруым. Әрине қобалжу болды, әйтсе де мен үшін таптырмас тәжірибе дер едім. Физика пәнімен қоса, математика, биология, химия пәндерінен келген күрделі сұрақтарды шешу керек болды.

Тапсырмалары жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін Олимпиада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен 2008 жылдан бері өткізіліп келеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер отандық
жоғары оқу орындарына білім беру гранттарын тағайындауда басым құқықты иеленеді.