NIS қызметкерлерінің спартакиадасы басталды

Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде NIS мұғалімдері мен қызметкерлерінің дәстүрлі желілік спартакиадасы бастау алды.
Бұл жолғы спорт додасы білім ошағының ұстазы Дәулет Қайыржанұлы Токкожинді еске алуға арналып отыр.
Шараға NIS желісіне кіретін Алматы, Көкшетау, Нұр-Сұлтан, Орал, Тараз қалаларының физика-математика бағытындағы және Қарағанды мен Петропавл қалаларының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің құрама командалары және СҚО бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің командасы ат салысуда. Шараның ашылу салтанатында мектептің директоры Данияр Уәлиев барлық қатысушыларға сәтті ойындар тіледі.
Спорттық шараға күш сынасуға келген құрамалар әріптестерімен де жақынырақ танысып, ұжымдық рухымыз күшейе түсетініне сенімдімін. Жолдың алшақтығына қарамастан, жер-жерден құрамалар арнайы келіп, бақтарын сынауда. Баршаңызға сәттілік, – деп тілегін білдірді Данияр Уәлиев.
Бақилық болған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Дәулет Токкожиннің туысқандары, жолдастары мен әріптестері де қатысушыларға өз лебіздерін білдірді. Ұстазбен қоян-қолтық еңбек еткен, бүгінде қалалық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Гумар Нұртаза осы шараны ұйымдастыруға ат салысып, демеушілік көрсеткен жанның бірі.
Дәулет аға менің өмірлік ұстазыма айналды. Осы мектепте қызмет еткен бірнеше жылда мен үшін жақын адам болып кетті. Желілік спартакиадаға қатысушы командаларға жеңістер тілеймін. Ұстаздар мен қызметкерлердің арасындағы спартакиаданың қайта жанданғанына қуаныштымын, – деді Гумар Нұртаза.
Спартакиада алты спорт түрі бойынша – футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, шахмат, арқан тартыстан өтетін болады.