NIS-пен серіктес мектептер саны толықты

Жаңа оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Қызылжар ауданының Петерфельд ауылында Қызылжар Абай орта мектебі өз шәкірттеріне есігін айқара ашқан болатын. Заман талабына сай жабдықталған білім ордасымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов танысты.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ жаңа мектеппен «Ауыл мектебі» бағдарламасы аясында серіктестік орнатты. Жоба құны 300 млн теңге. «Қызылжар Абай орта мектебі» қоғамдық қорының құрылтайшысы Рауан Кенжеханұлы өз жоспарын жүзеге асыруда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ тәжірибесі таптырмас көмек болғанын атап өтті.

– Қазіргі ауыл мектебі тек балаларды оқытумен шектелмей, ауылдың барлық тұрғындарына білім беретін, оларды жаңа заманға бейімдейтін, қазіргі өмірге қажетті дағдылар қалыптастыратын орталық ретінде қызмет етуі керек. Әрине, бірінші кезекте мектеп оқушыларға сапалы білім беруі тиіс. Ол үшін білім мазмұны, оқу әдістемесі қайта қаралып, ұстаздарды қолдау мен ынталандыруды қолға алдық. Бұл жұмысты «Назарбаев Зияткерлік мектептерімен» бірге атқарамыз. Мектеп заманға сай жөнделіп, толық жабдықталады», – деді Рауан Кенжеханұлы.

Сенімгерлік басқару жобасы аясында аталған білім ордасы Назарбаев Зияткерлік мектебімен біліктілікті, құзыреттілікті, педагогикалық құрамның кәсібилігін арттыру бағытында бірлесе жұмыс істейді. Осылайша оқушылардың білім сапасының оң серпін алуына септігін тигізбек. Мектепті таныстыру рәсіміне қатысқан «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова аталған жоба ауқымды жұмыстың нәтижесі екенін және ол болашақта да NIS тарапынан қолдау табатынын атап өтті.

– Мақсатымыз – ауылдық мектептердің сапасын арттыру. Шалғайдағы елді мекендерде заман талабына сай оқыту ортасы құрылуы тиіс. Бұнда еңбек ететін мұғалімдер құрамы арнайы оқудан өтті. Болашақта оның бағдарламасын басқа мектептерге енгізу мәселесін қарастыру керек, – деді Күләш Шәмшидинова. Қызылжар Абай орта мектебі болашақта тәжірибелік-ресурстық орталыққа айналмақ.