NIS оқушылары жеңімпаздардың қатарында

Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының жұмысы «Жастар және мұра: білу, бөлісу және сақтау» республикалық байқауының қорытындысы бойынша үздік деп танылды. 12 «Ғ» сыныбының оқушылары байқауға «Петропавл қаласы бойынша арнайы мәдени-тарихи бағыт» дайындаған.

«Жастар және мұра: білу, бөлісу және сақтау» жобасын Қазақстандық ЮНЕСКО клубтары федерациясы жастарды мәдени және табиғи мұрамен таныстырып, оларды осы мұраны қорғап, сақтау ісіне бейлсенді қатыстыру мақсатында ұйымдастырған. Республика көлемінде өткізілген білім беру-тәжірибелік шарасына ел бойынша 16 мен 29 жас аралығындағы жастардан құралған 178 құрама қатысты. Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің намысын аталған байқауда 12 «Ғ» сыныбының оқушылары Алина Никитина, Сымбат Жамалбай және Полина Предыбайло қорғады. 

– Біз алдымен арнайы онлайн білім беру бағдарламасына қатысып, мәдени мұраның маңыздылығын жан-жақты таныдық, оны сақтау туралы ақпаратпен қанықтық. Осы білімнің арқасында шараның тәжірибелік бөлігі – республикалық туристік маршруттар байқауына қатысамыз деп бел будық. Ол үшін біздің команда «Петропавл қаласының мәдени-тарихи бағытын» әзірледі, – деді 12 «Ғ» сыныбының оқушысы Алина Никитина.

– Біз қаламыздағы Қазақстан Конституциясы көшесі әлемдегі ең ұзын көше екендігі туралы қызық дерек келтірдік. Оның ұзындығы 2 шақырым 200 метрді құрайды. Бірақ Гиннестің рекордтар кітабына ұзындығы 2 шақырым болатын Гетеборг көшесі енген, – деп атап өтті 12 «Ғ» сыныбының  оқушысы Сымбат Жамалбай. 

–  Қаламыздағы мәдени-тарихи бағытқа Абылай хан резиденциясы, «Мәңгілік алау» монументін, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Абай мен Пушкин ескерткіші, Тәуелсіздік стеласы, сондай-ақ бейнелеу өнері мұражайы кіреді. Маршруттың басым бөлігі Қазақстан Конституциясы көшесі арқылы өтеді, – деп бөлісті 12 «Ғ» сынып оқушысы Полина Предыбайло. 

НЗМ студенттері байқауда туристік маршруттарды әзірлеген өзге 34 командамен бақ таластырған. Қатысушылар өз жобаларына жарнамалық бейнероликтер, аудиогидтер де дайындады. Ұсынылған жұмыстардың арасынан қазылар алқасы ең қызықты бағыттарды ұсынған 12 жеңімпаз команданы анықтады.