NIS оқушылары үшін ІV тоқсан онлайн жүйеде басталды

Оқушылардың көктемгі демалыс мерзімі аяқталып, ІV-ші тоқсан басталды. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің шәкірттері білім алу үрдісін онлайн жүйеде жалғастырып кетті. Бұл тізімде Петропавл қаласындағы НЗМ де бар.

7 сынып оқушысы Құралай Амантай үшін бүгінгі таң көңілді басталды. Себебі ол интернет арқылы көптен бері сағынып жүрген сыныптастарымен, сүйікті ұстаздарымен қауышты. Балалар онлайн режимде бір-бірімен сөйлесіп, сабақ оқып, мәре-сәре болып қалды.

– Бүгінгі сабақтарым жақсы өтті. Орыс тілі, математика мен қазақ тілі пәндерін оқыдық. Мұғалімдерімді мұқият тыңдап, жаңа тақырыптарды түсініп алдым. Енді сәл бой жазып, үй тапсырмасын орындауға көшемін, – дейді Құралай.

Ерте тұрып, компьютер алдына жайғасқан оқушлылардың тағы бірі – Владислав Крупец. Ол облыс орталығынан шалғайда жатқан елді мекендердің бірі Новоишим ауылында тұрады.

– Мұғалімдер әдеттегідей тақырыпты түсіндірді. Біз қойылған сұрақтарға қолымызды көтеріп, кезекпен жауап бердік. Көптен бері хабарласпаған сыныптастарымның барлығын көрдім. Бұған дейін тәжірибемде осындай сабақтар болғандықтан, ешқандай қыиындықтар болған жоқ. Онлайн оқу – менің толыққанды білім алуыма кедергі келтірмейтініме сенімдімін, – дейді оқушы.

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде онлайн оқу – Microsoft Teams бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. Оның артықшылақтары туралы мектеп мұғалімі Данияр Уәлиев айтып берді.

– Қазіргі жағдайда Microsoft Teams біз үшін таптырмас бағдарлама. Біздің мектептің ұжымы оны көптен бері пайдаланып келеді. Әсіресе қыста күн суытып, ауа райына байланысты балалар сабақтан босатылған кезде біз білім беру үрдісін осы бағдарлама арқылы жалғастырып келдік. Бүгінгі күні де сол тәжірибемізді еш қиналмастан жалғастырып кеттік. Бұл бағдарламаның ең басты артықшылығы – оның қауіпсіздігінде, – дейді Данияр Серікұлы.