NIS мұғалімі – Ұлттық Сыйлық Лауреаты

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Дина Құдабаева «Қазақстан мұғалімі-2020» Ұлттық Сыйлығының иегері атанды. Оның есімі «Әлем мұғалімі» Жаһандық Сыйлығына номинанттар тізіміне енді.

Дина Айтжановна Құдабаева –  физика пәнінің мұғалімі, модератор, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының физика-математика ғылымдарының кандидаты, физика пәні мұғалімдері әдістемелік бірлестігінің жетекшісі. Петропавл қаласындағы НЗМ-де ашылған күннен бастап еңбек етіп келеді. Әдістемелік бірлестік жетекшісі ретінде тәжірибе тарату мақсатында қала және облыс мектептерінің мұғалімдеріне арналған шеберлік-сыныптарын өткізіп тұрады. Дина Айтжановна өзін-өзі дамыту мақсатында үздіксіз ізденетінін атап өткен жөн.

«Қазақстан мұғалімі 2020» Ұлттық Сыйлығы лауреаттарының қатысуымен салтанатты марапаттау рәсімі Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік Филармониясының залында өтті.

«Білім арқылы адам өмірін өзгерту» – бұл жыл сайын Дүниежүзілік Білім және дағды форумын (Global Education and Skills Forum) ұйымдастырушы Варке қорының ұраны. Бұл шара әлемнің түкпір-түкпірінен келген мемлекет және қоғам қайраткерлері, бизнесмендер, мұғалімдер, филантроптар бас қосатын білім саласындағы ынтымақтастық пен мәселелерді шешудің негізгі алаңына айналды.

2019 жылы Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры «Global Teacher Prize» Жаһандық сыйлығының ресми өкілі атанып, «Қазақстан мұғалімі» Ұлттық Сыйлығын тағайындады. Байқаудың мақсаты – озық мұғалімдерді анықтау, қолдау және көтермелеу, сондай-ақ елімізде педагог беделін арттыру. «Қазақстан мұғалімі» Ұлттық Сыйлығының жеңімпазы Әлия Нұрсұлтанқызы Назарбаева тағайындаған 4 миллион теңге көлеміндегі қаржылай жүлдеге ие болады.

Іріктеу Жаһандық Сыйлық ұйымдастырушылары Варке қорының (Varkey Foundation) белгіленгенталаптарына сәйкес өтеді. Ұлттық сыйлықтың іріктеу және бағалау ашықтығы «Pricewaterhouse Coopers» Халықаралық аудиторлық компаниясының қадағалауымен жүргізіледі.

2020 жылы  Ұлттық сыйлық ізденушілерінің сауалнамалары 1 мамырдан 1 қазанға дейін қабылданды. Дауыс берудің 2 кезеңінің қорытындысы бойынша 2021 жылы Қазақстанның атынан «Әлем мұғалімі» Жаһандық Сыйлығына 10 педагог жолдама алды.