NIS мұғалімдері өз тәжірибелерімен бөлісті

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Онлайн оқытудан дәстүрлі білім беруге көшу: сыныпта қашықтықтан оқыту стратегиясын қолдану” атты XVIII Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
СҚО ағылшын тілі мұғалімдерінің “ATENK” қауымдастығы және ағылшын тілі мұғалімдерінің КazTEA ұлттық қауымдастығы ұйымдастырған іс-шараға Петропавл қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтары да қатысты.
Конференцияның мақсаты оқытудың аралас және гибридті форматтарын және жаңартылған оқу бағдарламасы аясындағы ұлттық жағдайларды ескере отырып, цифрландыру дәуірінде ағылшын тілін оқытудың проблемалары мен мүмкіндіктерін талқылау болды.
Конференцияға республиканың түрлі өңірлерінен 150-ден астам ағылшын тілі мұғалімдері жиналды. Шараға Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтары да ат салысты. Мектептің ағылшын тілі және химия, физика және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдері Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесімен бөлісті.
Конференцияның бірінші күнінде NIS мұғалімдері бірнеше семинар ұйымдастырды. Ағылшын тілі мұғалімі Ксения Волкова, төңкерілген сыныптағы подкаст тақырыбында әріптестеріне семинар өткізді. Мұғалімдер подкасттарды жоспарлау стратегиясымен, оларды құру және редакциялау платформасымен танысты, сонымен қатар төңкерілген сыныптағы оқу процесін жақсарту үшін кері байланыс сеанстарының мысалдарын алды. Олеся Водопьянова өткізген семинар инклюзивті білім беруге арналды. Джесинта Карингити мен Владимир Рахмаил қатысушыларға Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде БҰҰ модельдік клубтарын пайдалана отырып, халықаралық ынтымақтастық жөнінде семинар өткізді. Республикадан келген мұғалімдер Марина Михайлова таныстырған socrative.com онлайн-білім беру ресурсының мүмкіндіктерімен танысты. Бұл платформа оқушылардың білімін бағалауға, сонымен қатар студенттермен кері байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Шетелдік педагог Сильванус Опот TCLs және SCLs ерекшеліктері туралы айтты. Ал Дастан Мияшевтің семинары офлайн RPG, скретч-ойындар, Minecraft квесттері көмегімен жұмсақ дағдыларды дамытуға арналды. Рори Ян М. Буалан әріптестеріне метабілім туралы және студенттерге өздерін дамытуға көмектесу туралы тәжірибесімен бөлісті.
Екінші күні де NIS мұғалімдері семинарлар мен постер сессиялар кезінде өз тәжірибелерімен бөлісті. Елена Кийко эссе сапасын жақсартуға көмектесетін синонимдермен жаттығу постерін ұсынды. Айсұлу Қожанова студенттердің академиялық сауаттылығын арттыру үшін CLIL әдістерін пайдалану тәжірибесімен бөлісті. Риид Бауэрмейстер оқушыларды белсенді оқыту мен бағалаудың сандық стратегиясы жайлы айтып берді. Гүлмира Еңсегенова Lesson Study аясындағы жоспарлау мәселелері бойынша тәжірибе бөлісті. Эльвира Лютова мен Айгүл Саркен деректерге негізделген оқыту (DDL) туралы айтып берді.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның соңында қатысушылар сертификаттар мен алғыс хаттарға ие болды. Келесі конференция Семей қаласында өтеді.