NIS домбырашыларының флешмобы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары ұлы ақын Мағжан Жұмабаевқа құрмет көрсетіп, оның 130 жылдығына арналған домбырашылар флешмобын ұйымдастырды.
Қаладағы ойын-сауық орталықтарының бірі «Кеңес», «Балбырауын», «Көрғұлы» сияқты күйлер мен ұлттық би ырғақтарына толды. Бұл — Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған домбырашылар флешмобы. Ұлттық өнерді ұлықтап, оны Петропавл қаласының тұрғындары мен қонақтарына паш еткен — NIS оқушылары.
— Мағжанның «Мен жастарға сенемін» деген сөздерін бәріміз білеміз. Бұл болашағымыздың өз қолымызда екенін көрсетеді. Ал біздің мектептің миссиясы: «Біздің болашағымыз — менің жауапкершілігім». Бүгін біз меймандарға осы күнге дейін үйренген күйлерді ұсынамыз, – деп бөлісті 10 сынып оқушысы Абылайхан Жоламанов.
Зияткерлік мектептің оқушылары ұлттық құндылықтарды білім ордасына аяқ басқан күннен сусындап, жыл сайын өнерлерін паш етіп отырады. Негізгі мақсат – қазақтың домбырасын қоғам арасында дәріптеп, күй өнерін дамыту.
– Назарбаев Зияткерлік мектебінде тәрбие жүйесінде бірқатар жобалар қарастырылған. Соның бірі – «100 күй» жобасы. Осының негізінде мектебімізге қабылданған 7 сынып оқушыларының барлығы қазақтың домбырасын өздеріне серік етеді. Флешмобқа домбырашылар ансамбльдің мүшелері, 70-ке жуық оқушы ат сатысты, — деді химия-биология бағытындағы НЗМ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәулет Мұқанова.
Барлығы іс-шарада 100-ге тарта оқушы қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық өнерден шашу шашты.