MICROSOFT КОМАНДАСЫНЫҢ АЛҒЫС ХАТЫМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Петропавл қаласындағы ХББ Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Данияр Уәлиев Microsoft Kazakhstan командасының Алғыс хатымен марапатталды. Бұл жөнінде BAQ.KZ  ақпарат агенттігі хабарлады.

Данияр Серікұлы Microsoft Innovative Education Expert 2019-2020 маманы – арнайы сертификат иегері. Ол Алматы қаласындағы барлық мемлекеттік мектеп мұғалімдеріне елімізде төтенше жағдай орнап, барлық білім беру мекемемелері қашықтықтан оқытуға ауысқан уақытта Microsoft Teams қосымшасын пайдаланудың қыр-сырын үйреткені үшін осындай марапатқа ие болды.

«Данияр әріптестеріне зор қолдау көрсетіп, білім беру үрдісінде сандық қосымшаларды пайдаланудың нағыз маманы, тәжірибелі ұстаз ретінде өзін көрсете білді. Оның Қазақстанның білім беру саласына сіңіріп жүрген үлесі өлшеусіз» делінген ресми құжатта. Сонымен қатар, Microsoft Kazakhstan командасы мектеп ұжымына кез келген уақытта, кез келген қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізген.

– Қазіргі жағдайда Microsoft Teams – қашықтықтан білім беру үшін таптырмас бағдарлама. Біздің ұжым оны екі жылдан бері пайдаланып келеді. Осы орайда мектебіміздің директоры Нұрғали Елшібековтың бастамасын атап өту дұрыс болар еді. Өйткені, аталған бағдарламаны тәжірибемізге енгізген сол кісі болатын. Әсіресе қыста күн суытып, ауа райына байланысты балалар сабақтан босатылған кезде біз білім беру үрдісін осы бағдарлама арқылы жалғастырып келдік. Бүгінгі күні тағы да сол тәжірибемізді еш қиналмастан жүзеге асырып жатырмыз. Бағдарламаның ең басты артықшылығы – оның қауіпсіздігінде. Мен Microsoft Teams бағдарламасын пайдалануды Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі және алматылық әріптестеріме үйреттім. Өз тәжірибеммен бөлісуден, білгенімді басқаларға үйретуден және үйренуден жалықпаймын, – дейді Данияр Серікұлы.

Бүгін білікті маман Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесін таратып, Нұр-Сұлтан шаһарының барлық мектептеріне арналған вебинар өткізбек.