Мектеп оқушылары Мағжан Жұмабаевтың туған өлкесін зерттеуге аттанды

Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде “Туған елге тағзым” өлкетану-зерттеу экспедициясы жалғасып жатыр. Шараның үшінші күнінде оқушылар Мағжан Жұмабаев ауданына аттанды.

Мағжан Жұмабаев ауданы – қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, сыршыл ақын, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың туған жері. Маусымның 25-інде ұлтының болашағы үшін күресіп өткен ұлы жерлесіміздің дүниеге келгеніне 129 жыл толмақ.
Сондықтан, ақынның туған күні қарсаңында оның атын иеленген ауданға арнайы зерттеу экспедициясына аттанған балалар алдымен Сарытомар ауылында ашылған Мағжан Жұмабаевтың мұражайына ат басын тіреді. Мұнда кез-келген музейде кездесе бермейтін ұлы ақынның өзі қолданған заттар жинақталған. Оқушылар Мағжан бабаларының өмірі мен қызметі жайлы баяндайтын құжаттармен танысты. Сонымен қатар, Жұмабаевтар әулетінің сирек фотолары мен Мағжанның сақталып қалған жалғыз кітабын өз көздерімен көре алды. Бұдан бөлек, музейге арнайы соғатын зерттеуші ғалымдар да өздері жинақтаған мәліметтерін осы жерде қалдырып, ұлты үшін күресіп өткен жанның қызметіне қатысты зерттеулерімен бөлісіп отырады. Балалар бұл мағлұматтарды жинақтап, алда өз жұмыстарында қолданбақшы.
Бұдан соң “Ұрпақ” шаңырағының оқушылары мен өзін-өзі басқару ұйымының өкілдері аудан орталығы Булаев қаласына ат басын тіреп, аудандық тарихи-өлкетану мұражайын аралады. Мұнда осы өлке тұрғындарының түрлі жылдардағы өмірі мен тұрмысын баян ететін деректер мен тарихи жәдігерлер сақтаулы тұр. Қызығушылық танытқан оқушыға бұл мұражайда да зерттеп-зерделейтін мәліметтер молынан. Экспедицияға келген балалар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, алдағы жұмыстарына негіз болар пайдалы ақпаратты түртіп алды.