МЕКТЕБІМІЗ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ CIS АККРЕДИТАЦИЯСЫНАН ӨТТІ

Петропавл қаласындағы ХББ Назарбаев Зияткерлік мектебі білім беру саласындағы халықаралық ұйымдар тізімін толықтырды. Білім ордасы (CIS) Халықаралық мектептер кеңесінің аккредитациясына ие болды.


Бұл жаңалық ұжым мен оқушылар үшін тың мүмкіндіктер мен толағай табыстардың бастауына айналмақ. Бүгінгі күні (CIS) Халықаралық мектептер кеңесіне әлемнің 116 мемлекетінен 1 300 университет, 740 мектеп пен 615 колледж мүшелік етеді. Аккредитациядан өткен мектеп түлектеріне әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік туады.


(CIS) Халықаралық мектептер кеңесінің АҚШ, Австралия, Италия, Индия, Египет және Қазақстан атынан келген сарапшылары ағымдағы жылдың 28-і қыркүйегі мен 4-ші қазан аралығында петропавлдық Зияткерлік мектепте жұмыс істеп, жан-жақты сараптама жүргізген болатын. Мектепті бағалау «Миссия, ұстаным және мектеп құндылықтары», «Оқыту және үйрету», «Басқару және көшбасшылық», «Кәсіби құрам және техникалық қызметкерлер», «Қолжетімді оқыту мен білім», «Операциялық жүйелер», сондай-ақ шет тілдерін меңгеру бойынша барлық әлемдік стандарттар талабына сай жүргізілді.


Әлемдік білім беру саласындағы ең беделді ұйымның шешімімен ұжым аккредитациядан өткендігі жайында халықаралық сертификатқа лайық деп танылды. Бұл бірнеше күннің емес, білім ордасының ашылған сәттен бері, ұжымның жүйелі түрде аянбай атқарған еңбегінің жемісі екенін атап өткен жөн.