Журналистерге арналған шеберлік сыныбы

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебі өңір журналистерінің басын қосты. Шығармашылық мамандық иелері бұл күні қолдарына қылқалам алып, өздерін жаңа қырынан байқай алды.

Маусымның 28-інде еліміздің Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Мереке қарсаңында Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебі өңірдің журналистер қауымына есігін айқара ашты. Білім ордасына облыс орталығындағы үш телеарнаның, өңірлік газеттер мен ақпараттық порталдардың редакторлары мен тілшілері жиналды. Мектеппен тығыз байланыста жүретін жандар бұл жолы әдеттегідей қолдарына қалам мен микрофон емес қылқалам алып, өз картиналарын салу мүмкіндігін иеленді.
Бастапқыда сурет салу мүлде қолымнан келмейтін іс пе деп ойладым. Сөйтсем, білікті маманның кеңесін тыңдап әдемі жұмыстар жасауға болатынына көз жеткіздім. Өзімізді жаңа қырымыздан ашуға мүмкіндік бергеніңіз үшін рахмет. Тамаша мерекелік көңіл-күй мен керемет шеберлік сыныбына ризамыз, – дейді “Хабар 24” телеарнасының “Tech news” бағдарламасының СҚО бойынша тілшісі Светлана Дроздецкая.
Светлана Дроздецкая Назарбаев Зияткерлік мектебімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Балалардың өнертабыстары мен ғылым саласындағы жаңалықтары үнемі республикалық телеарнада көрсетіліп, тілшілер арқылы қалың көрерменге тарайды. Облыстық “Qyzyljar” телеарнасының шеф-редакторы Индира Баймухамбет те бүгін көптен ойластырып жүрген сурет салу өнерін байқап көрді.
Назарбаев Зияткерлік мектебі бізге осындай ерекше сыйлық жасап отыр. Бұл білім ошағы – арнамызбен тығыз-қарым-қатынас жасайтын мекемелердің бірі. Біз оқушылардың жетістіктері жайлы материал беруге әрқашан әзірміз. Кәсіби мерекеміз қарсаңында жаңа форматтағы ерекше құттықтау ұйымдастырған мектеп басшылығына ризамыз, – деп бөлісті Индира Баймухамбет.
Тілшілер қауымы өздерінің картиналарын екі сағаттың ішінде-ақ салып аяқтады. Көпшілігі соңғы рет сурет сабағына мектеп партасында қатысқандарына қарамастан, нағыз шығармашыл жан екендерін көрсете алды. Мерекелік шараға қатысушыларға “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың және Петропав қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Данияр Уәлиевтың алғыс хаттары мен балалар жасаған естелік сыйлықтар тарту етілді.