Мақал-мәтел білгірлері анықталды

Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Менің өмірімде қолданылатын мақал-мәтелдер» жобасы аясында «Сөз мәйегі – мақал-мәтел» атты сайыс ұйымдастырылды.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орайластырылған сайысқа 8-сынып оқушыларынан құралған кмандалар ат салысты. Мектеп оқушылары туған жер, Отан, ел тақырыбындағы мақал-мәтелдерді білуден өзара жарысқа түсті. Алғашқы айналымның талабы бойынша байқауға қатысушылар «Мықты болсаң, тауып көр» айдары бойынша берілген мақалдардың жалғасып табуы қажет болды. «Кім шапшаң» айналымында құрамалар шашылған сөздерден мақал-мәтел құрастырып, мағынасын түсіндіріп берді. Қорытынды сында әр топтың басшысы ортаға шығып, мақал-мәтел айтудан жарысқа түсті. Байқаудың нәтижесі бойынша 8 В сыныбының құрамасы мақал білгірлері атанып, бірінші орыннан көрінді. 2-орын 8 D сыныбына, 3-орын 8 А сыныбына берілді. Үздік қатысушы атанған 8 В сыныбының оқушысы Дария Аманкелді Алғыс хатпен марапатталды.
Айта кетейік, байқау тәуелсіздік мерейтойына арналып, жас ұрпақтың арасында ата-бабамыздан қалған өшпес мұра, қымбат қазына – мақал-мәтелдерді дәріптеу, оқушылардың тіл байлығын дамыту, ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, халық мұрасы мен ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.