Көшбасшылар форумы

NIS оқушылары өзін-өзі басқару ұйымы көшбасшыларының форумына қатысты.

Өзін-өзі басқару ұйымы көшбасшыларының форумы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» желісінде жыл сайын ұйымдастырылады. Биылғы дәстүрлі шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып, оқушылар «Менің жауапкершілігім – біздің болашағымыз» ұраны аясында ізденді.
Форумның екі күні ішінде оған қатысушылар түрлі саладағы танымал кәсіпқойларды, сондай-ақ Зияткерлік мектептердің түлектерін тыңдай алды. Психология ғылымының докторы, «SKILLFOLIO» білім беру платформасының негізін қалаушы Виктория Шиманская Мәскеуден байланысқа шығып, жеке және командалық тиімділікті дамыту тәжірибесі мен дағдыларын талдады. NIS-тің бірқатар түлектері шараға Корея, Абу-Дабиден, Германиядан қосылды. Оңтүстік астанада ұйымдастырылған шараға Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің көшбасшысы, оқушылардың өзін-өзі басқару парламентінің спикері Руслан Нәби де қатысты.
– Форум көңілімнен шықты. Бұл шарадан тек жағымды естеліктер қалып отыр. Барша жас көшбасшылар, бірегей білім, тәжірибе, күш-қуат алып қайттық. Бұл форумда бізге білікті мамандармен және және қызықты тұлғалармен танысу мүмкіндігі берілді. Ауқымды іс-шараға қатысушылар бір-бірімізбен етене араласып, дос болып кеттік, – деп бөлісті Руслан Нәби.
Пікірталас алаңында көшбасшылар «NIS оқушыларының патриоттық, зияткерлік, физикалық, мәдени дамуындағы өзін-өзі басқару ұйымының рөлі» мәселесі бойынша баяндамалар жасалды. Әр Зияткерлік мектептің көшбасшысы түрлі бағыттағы эксклюзивті жобасын ұсынды. Бұл жерде Руслан Нәби де өзінің көшбасшылық тәжірибесімен бөлісті.
– Мен біздің мектептегі көшбасшылық жүйесі туралы айтып бердім. Біздің өз парламентіміз, министрліктер бар. Әр саланың жетістіктері де кемшіліктері баршылық. Солардың әрбіріне тоқталып, сараптама жасадым. Өйткені, біз үнемі жетіліп отыруымыз керек. Бірден форумда өзге спикерлермен бірлесіп әрекет етіп, мектебіміздің үшінші тоқсанына жоспар құрдық, өзекті мәселелерді пысықтадық, – дейді 11-сынып оқушысы.
Көшбасшылар форумының аясында жаңа жобалар дүниеге келетін «Біз және болашақ үшін жаңа идеялар» көрмесі де ұйымдастырылды. Ал Алматылық NIS психологтары өткізген «Көшбасшылық синергиясы» тренингі делегаттарға бір-бірін жақынырақ тануға және мектеп басшысының рөлі туралы тағы бір рет ойлануға, сондай-ақ тұлғааралық және әлеуметтік қатынастарды құрудағы жаңа құралдармен, келіссөздер жүргізу өнерімен, бір ортақ мақсат үшін командада жұмыс істеу жолдарымен танысуға көмектесті. Қорытынды ретінде, әр команда көшбасшы туралы өз ойларын постерлер арқылы көрсетті.