Күн шуақты балаларға арналған эстафета

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде күн шуақты балалармен спорттық іс-шара өткізілді. Олармен бірге жарысқа оқушылар арасынан тәрбиешілер мен үйлестірушілер қатысты.

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде күндей күлімдеген қонақтарын қарсы алып, оларға түрлі іс-шаралар ұйымдастыру жақсы дәстүрге айналған. Бұл жолы күн шуақты балалар үшін оқу орнының қабырғасында спорттық эстафета өткізілді.
– Күн шуақты балалардың арасындағы спорттық эстафета оларды дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тарту, даярлық деңгейін арттыру мақсатында өткізілді. Біз осылайша бүлдіршіндердің арасында салауатты өмір салтын насихаттағымыз келеді, — дейді мектептің педагог-кураторы Айдар Валиев.
Жарыстың бұл түрі балалардың көңілінен шықты. Олар мектептің “Қоғамға Қызмет Ету” ұйымындағы ерікті оқушылармен бірлесіп түрлі сынақтардан өтіп, доп соқты. Жарыс қорытындысы бойынша әр балақай мақтау қағазын алды. Сондай-ақ олар үшін дискотека ұйымдастырылды.