Күміс жүлдемен оралды

Петропавлдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары сыныптастары XIV Президенттік олимпиаданың күміс жүлдегері Артём Германды пойыздан күтіп алды. 

 

XIV Президенттік олимпиадада Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 «Е» сыныбының оқушысы Артем Герман туған мектебінің ғана емес, NIS командасының да намысын қорғады. Білім додасының қорытындысы бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұлттық құрамасы жеңіске жетіп, еліміздің ең үздік олимпиадалық командасы атанды. Республиканың түкпір-түкпірінен келген Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының қоржынында 4 алтын, 3 күміс және 7 қола медаль бар. Күміс жүлделердің бірін ортақ қоржынға Петропавлдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Артем Герман салды. 

– Мен биологиядан өте жоғары нәтиже көрсеттіме қуаныштымын. Бірақ бұл олимпиада жаратылыстану-математика бағытындағы төрт пән бойынша бірден өткізілгендіктен, бізге химия, физика және математикадан да есеп шығару қажет болды. Тапсырмалар қиын, бірақ мектеп бағдарламасына сәйкес келеді. Барлығын логикалық тұрғыдан ойланып, шығару қажет. Әрине, аздап толқып, білгенім толық көрсете алмадым. Бірақ өз нәтижеме ризамын, – дейді Артем Герман.

Президенттік олимпиададағы екінші орыннан бөлек, Артем  Caspian University және  Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің екі толық грантын иеленді. Ал Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Артемге 70 пайыздық жеңілдік ұсынды. 

Айта кетейік, олимпиаданың республикалық турында еліміздің барлық өңірлерінен жиналған 180-нен астам ең білімді оқушы кездесті. Доданың қорытындысы бойынша 48 оқушы жеңімпаз және жүлдегер атанды. 11 оқушы І дәрежелі, 15 оқушы ІІ дәрежелі, 22 оқушы ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. 2008 жылдан бері өткізіліп келетін Президенттік олимпиадаға дәстүрлі түрде 11-12 сынып оқушылары төрт пән: математика, физика, химия және биология пәндері бойынша қатысып келеді.