ХАЛЫҚАРАЛЫҚ CIS ҰЙЫМЫНЫҢ СЕРТИФИКАТЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Петропавл қаласындағы ХББ Назарбаев Зияткерлік мектебі білім беру саласындағы халықаралық ұйымдар тізімін толықтырып, (CIS) Халықаралық мектептер кеңесінің аккредитациясына ие болған еді.

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ төрайымы Күләш Шәмшидинова ұжымға әлемдік білім беру саласындағы ең беделді халықаралық ұйымның аккредитациясын растайтын сертификатты табыстады.
Бұл жаңалық ұжым мен оқушылар үшін тың мүмкіндіктер мен толағай табыстардың бастауына айналмақ. Аккредитациядан өткен мектеп түлектеріне әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік туады.
(CIS) Халықаралық мектептер кеңесінің АҚШ, Австралия, Италия, Индия, Египет және Қазақстан атынан келген сарапшылары өткен жылы петропавлдық Зияткерлік мектепте жұмыс істеп, жан-жақты сараптама жүргізген болатын. Мектепті бағалау «Миссия, ұстаным және мектеп құндылықтары», «Оқыту және үйрету», «Басқару және көшбасшылық», «Кәсіби құрам және техникалық қызметкерлер», «Қолжетімді оқыту мен білім», «Операциялық жүйелер», сондай-ақ шет тілдерін меңгеру бойынша барлық әлемдік стандарттар талабына сай жүргізілді.
Бұл бірнеше күннің емес, білім ордасының ашылған сәттен бері, ұжымның жүйелі түрде аянбай атқарған еңбегінің жемісі екенін атап өткен жөн.