Есептік концерт

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің “Gakku” хореографиялық ансамблі есептік концертін ұйымдастырды.
Ақан сері атындағы облыстық филармония ғимаратында өткен шараға қала тұрғындары, оқушылардың ата-аналары, достары мен ұстаздар қауымы жиналды. Лық толы залдың алдында өнер ұжымының саңлақтары 20 шақты биін ұсынып, жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Олардың арасында қазақтың ұлттық билері, еврей, ұйғыр, өзбек билері және заманауи қимыл-қозғалысқа негізделген шығармалар бар. Назарбаев Зияткерлік мектебінің қабырғасындағы би үйірмесіне 7 сыныптан 12 сыныпқа дейін кез-келген оқушы жазылып, би өнерінің қыр-сырын танып, шеберлігін шыңдай алады.
Бүгінде үйірмеде 124 бала білікті педагогтардан тәлім-тәрбие алып жүр. Осы күнге дейін “Gakku” хореографиялық ансамблі бірқатар қалалық және облыстық өнер байқауларының жүлдегері, Қазақстан мен Ресейде ұйымдастырылған республикалық және халықаралық фестиваль-конкурстардың лауреаттары мен гран-при иегері атанды. Бүгінгі есептік концерт те бір демде өтіп, көрерменнің көңілінен шықты.