Димаш Құдайберген NIS түлектерін құттықтады

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектері үшін онлайн форматта соңғы қоңырау соғылды. Биыл Қазақстан бойынша Дербес білім беру ұйымын екі мыңнан астам оқушы тәмәмдап отыр.

Түлектерді қуанышты сәтпен белгілі әнші Димаш Құдайберген құттықтады.

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 108 түлегі үшін де онлайн форматта соңғы қоңырау соғылды. Салтанатты жиын мемлекеттік әнұранмен басталды. Екі жүргізуші, мерекелік бағдарлама. Тек безендірілген акт залын компьютер мен ұялы телефон экрандары алмастырды. Виртуалды салтанатты шараға мұғалімдер, түлектер, ата-аналар – барлығы 300-ден астам адам қатысты.


«Бүгінгі күн мен үшін ерекше. Адамның өмірінде бір-ақ рет болатын соңғы қоңырау мерекесі. Тек пандемияның кесірінен оны үйде өткізуге мәжбүр болдық. Өкінішті әрине. Бірақ біз алдымызға келген қиындықты еңсеріп, алға қарай ұмтыла білуіміз қажет. Сондықтан бұл жағдайды сынақ деп білемін. Біздің алдымызда тағы бір сынақ тұр. Ол – өзіміз таңдаған жоғары оқу орнына түсу. Болашағымды инженерлік саламен байланыстырғым келеді. Құжаттарымды Түркия, Венгрия, Ресей сынды мемлекеттердің университеттеріне тапсырдым. Әзірге жауап күтіп жүрмін», – дейді Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Ақжан Жолдыбаев.


Салтанатты шара Microsoft Teams платформасында өтті. Қуаныш иелерін белгілі әнші Димаш Құдайберген құттықтады.
«Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары, жарқын өмірге, болашаққа, кемел қадам басқалы жатқан мектеп бітіруші түлектер! Сіздерге мол бақыт, қажымас қайрат тілеймін. Еліміздің ертеңі үшін талмай еңбек етіп, биік белестерден көрінетіндеріңізге сенемін. Барлық арман-мақсаттарыңызға жете беріңіздер», – деді ол арнайы жолдаған видеоқұттықтауда.
Мектеп директоры 4-ші тоқсан оңай болмағанын, дегенмен ұжым тығырықтан шығар жол таба білгенін атап өтті.


«4-ші тоқсанды қашықтықтан оқып шықтық. Бүгінгі мерекелік шара да онлайн форматта өтті. Соңғы қоңырау – эмоцияға, бір-бірімізге деген қимастыққа, қуанышты көз жасы мен шат күлкіге толы мереке. Бүгін өкінішке қарай ол басқаша өтіп жатыр. Дегенмен, бұл күн баршамыздың жадымызда сақталары анық. Болашақта мұндай қиындықтар болмаса екен діп тілеймін», – деді Нұрғали Елшібеков.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектеріне аттестат тапсыру рәсімі 15 маусымда өтеді деп жоспарлануда.