Демалыстық мектеп бастау алды

Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде демалыстық мектеп жобасы жүріп жатыр. Онда өңірдің орта мектептерінің 5 сынып оқушылары білім алуда.

 

Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тұрақты жобаларының бірі – демалыстық мектеп. Бұл жоба өңірдегі орта мектептердің оқушыларын арнайы тестілеумен таныстырып, олардың NIS оқушысы атануына септесуді көздейді.

– Биыл демалыстық мектепке 19 баланы қабылдадық. Олар облыс орталығындағы білім ошақтарының және екі аудандық мектептің оқушылары. Балалар жоба аясында төрт күн бойы үш тіл, математика және жарастылыстану пәндері бойынша білімдерін толықтырып, алдағы емтиханға дайындық жүргізеді, – деп атап өтті директордың орынбасары Гүлмира Сатанова.

Демалыстық мектепке келген балалар өткен оқу жылында 5 сыныпты тамамдап, мамыр айында виртуалды мектепке жазылған болатын. Аталған жоба аясында балалар онлайн оқып, өз беттерінше тапсырмаларды орындап, тестілеуден өтті. Мамыр-маусым айларындағы оқуын сәтті аяқтағандар, міне, Назарбаев зияткерлік мектебінің базасындағы офлайн демалыстық мектебінде оқуларын жалғастыруда. Алдағы оқу жылында 6-сынып оқушылары да дәл осындай виртуалды және демалыстық мектептерге ат салыса алады. Виртуалды және демалыстық мектептер орта мектеп оқушыларына NIS емтихандарымен танысып, көктемдегі іріктеу сынағына тегін дайындалуға мүмкіндік береді.