Дәстүрлі әншімен кездесу

Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары дәстүрлі әнші Еркебұлан Қарыповпен кездесті. Музыкалық кеш ҚР тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. 

 

“Қазақ әндері” жобасы Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрады. Ел тәуелсіздігінің мерейтойына орай мектеп оқушыларына дәстүрлі әнші, бірталай республикалық байқаулардың лауреаты, жерлесіміз Еркебұлан Қарыповпен кездесу мүмкіндігі туды. Әнші бүгінде Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясында еңбек етеді. Жерлесіміз Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тамамдаған соң, бірден өңірімізге оралып, бүгінде жергілікті жерде ұлттық өнерді ұлықтауға, дәстүрлі әншілікті дамытуға, төл өнерімізге бет бұрған жастарды қолдауға басымдық беріп жүр. Оқушылармен кездесу барысында өнерпаз ұлттық өнерге қатысты ойларымен бөлісті. Оқушылардың кездесуден түйгені мол болды. Олар мейманға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, көңіл толқынын тербеген әндерін тыңдап тарқасты.