«ASTANA MUSIC FEST» БАЙҚАУЫНЫҢ ЕКІ ГРАН-ПРИІ NIS ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ҚОРЖЫНЫНДА

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Елордада өткен YII Халықаралық балалар мен жасөспірімдерге арналған «ASTANA MUSIC FEST» өнер байқауында екі номинация бойынша Гран-При иеленді.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қатысушылар Қазақстанның ең үздік залдарының бірі Astana Music Hall ғимаратында бас қосты. Байқауда 200-ден астам жас өрен нағыз білікті мамандардан құралған қазылар алқасының алдында өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік алды.

«Эстрадалық ән айту» жанрында «Derois» а капелла тобы бас жүлдені жеңіп алса, қазылар алқасының шешімімен «Аспаптық орындау» номинацияда «Шалқыма» домбырашылар ансамблі де Гран-Приге лайық деп танылды.

«Жеке орындауда» Құрманғазының «Байжұма» күйін орындаған Райымбек Рысжан 1-ші орынды қанжығасына байлады. Вокалдық жеке орындауда Алмас Мейрамов та дәл осындай жүлдеге лайық деп танылды.

– «Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Павлодар сынды басқа қалалардан келген қатысушылар болды. Қарсыластарымыз осал болған жоқ. Дегенмен оқушыларымыз олардан басым түсті. Ең бастысы бізді көрермендер қолдап, қол соғып, қошеметке бөледі. Жанымызға келіп, балаларды құттықтап, қуанышымызға ортақтасты», – дейді «Derois» а капелла тобының жетекшісі Әйгерім Боранбаева.

Ұйымдастырушылар байқаудың басты мақсаты жастардың бойындағы шығармашылығын дамытып, әр оқушыға өз өнерін көпшілікке паш етуге мүмкіндік жасау екендігін атап өтті.