АҚ ЖОЛ, ЖАС ТҮЛЕК!

Петропавл қаласындағы NIS-те 129 түлек үшін соңғы қоңырау соғылды. Мектеп бітірушілердің қатарында екі «Алтын белгі», 9 ерекше үлгідегі аттестат иегері бар.

Кешегі оқушы – бүгінгі түлек. Олар 6 жыл бойы Зияткерлік мектеп қабырғасында бақытты балалық шақтарын өткізіп, білім нәрімен сусындады. Ұлағатты ұстаздар қауымының тәлім-тәрбиесін бойларына сіңірген ұл-қыздар ер жетіп, жаңа өмір әлеміне қадам басты. Жастардың алды Италия, Испания, Венгрия, Қытай, БАӘ, Түркия сынды шет мемлекеттердің маңдайалды жоғары оқы орындарының білім грантына ие болды.

«Алтын белгі» – 12 жылдық еңбектің жемісі. Сапалы білім берген ұстаздарға, алаңсыз оқуға жағдай жасаған ата-анама мың алғыс! Назарбаев Зияткерлік мектебінде   оқушының дарынын ашуға барлық жағдай жасалған. Енді өз білімімді ел игілігіне пайдалансам деймін. Таңдауым Назарбаев университетіне түсті. Бағытым – математика, – деді «Алтын белгі» иегері Сабина Бекен.

Тағы бір «Алтын белгі» иегері Дильназ Джусупова өз  болашағын халықаралық қатынастар  саласымен байланыстыруды мақсат еткен.

– 6 жыл – тарих тезіне салсақ, қысқа ғана мерзім. Ал Сіздер осы уақыт аралығында буыны бекіп, қабырғасы қатайған үлкен азаматқа айналдыңыздар. Қаншама білім алып, рухани қор жинадыңыздар. Соның алғашқы жемісін көріп отырмыз. Биылғы мектеп бітіруші түлектер халықаралық емтиханда жақсы нәтиже көрсетіп, ұстаздар үмітін ақтағанын ерекше атап өткім келеді. Болашақта да жолдарыңыз әрдайым ашық болсын, – деді түлектерді құттықтаған мектеп директоры Данияр Уәлиев.

Аттестат – мектепті аяқтау туралы құжат қана емес, үлкен өмірге жолдама. Түлектер алтын ұя мектебімен қимыстақ сезіммен қоштасты.