Ақтық ойындар өтті

Футзалдан ІІІ желілік спартакиаданың үшінші күнінде командалар жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтады.
Спартакиаданың ақырғы үшінші күні алаң маңына жүздеген көрерменді жинады. Өйткені бұл күнгі ойындарда ең үздік командалар анықталмақ. Қыздардың арасында алғашқы ойын Шымкент пен Өскеменнің арасында, ал екінші ойын Петропавл мен Орал командаларының арасында өтті. Бұл кездесулер кімнің үшінші орын үшін, ал кімнің, бірінші орын үшін таласқа түсетінін анықтап берді. Осылайша қола медальдар үшін жартылай финалда қарсыластарынан ұтылған Орал мен Өскемен құрамаларының қыздары шықты. Өскемен өз қарсыластарын жеңіп, тең түспесе, жеңіліп көрген команда емес. Сондықтан үшінші орын үшін таласта жеңіске мүмкіндіктері басым еді. Бірақ олардың соңғы кездесуі 2:2 есебімен аяқталды. Батыстың қыздары соңғы күштерін салып, пенальтидің нәтижесі бойынша бойынша жеңіске жетті.
Бірінші турдағы кездесулердің барлығын 0:0-мен аяқтап, жартылай финалға шыққан едік. Соңғы екі ойын Петропавлмен және Өскемен қалаларымен өтті. Қарсыластарымыз мықты болды. Бірақ біз де барынша тырысып, үшінші орынға қол жеткіздік, – деп бөлісті Орал қаласының ойыншысы Айдана Төлегенова.
Ал жартылай финалда жеңімпаз болған екі құрама Шымкент пен Петропавл ақтық сында бірінші орын үшін шын таласқа түсті. Іріктеу кезеңінде қос құрама да екі қарсыласын ұтып, біреуімен тең түскен еді. Сондықтан бірінші орын үшін таласқа тең мықтылар түсті десе де болады. Бірақ оңтүстіктен келген мейман қыздар ойын барысында екі рет қате жіберіп, өз қақпаларына автогол салды. Осылайша 3:0 есебімен алаң иелері бірінші орынды иеленді.
Қате өзімізден кетті, бірақ біз бұған мойымаймыз. Керісінше одан сабақ алып, алда бұдан да жақсы ойнауға тырысамыз. Жалып осы 2022 жылғы спартакиада есімізде ұзаққа қалады. Өйткені Петропавл бізді жылы қарсы алып, барынша көңілімізді көтердік. Ойнадық, басқа мектептермен таныстық, жаңа достар таптық. Біз үшін бастысы осы болды, – дейді Шымкент қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ойыншысы Ұлболсын Рахым.
Ұлдар құрамаларының арасында да ойын кілең мықтылардың арасында өтті. Үшінші орын үшін Өскемен құрамасы мен Алматылық команда барын салды. Екі жақ та бір-біріне кезектесіп гол салғанымен, қорытынды есепте, 4:3 есеп айырмасымен Алматы қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі кубок пен қола жүлделерді алып кетті. Ал ақтық сында осыған дейін аймақтық кезеңде де кездесіп, жүлделі орындарды бөліскен Нұр-Сұлтан қаласы мен Петропавл қайта жүздесті. Жағдай бұл жолы да айнымай қайталанып, солтүстіктің ұлдары елордалық құраманы жеңіп шықты. Нәтижесінде бірінші орын алаң иелерінде қалып, екінші орын Нұр-Сұлтан қаласының командасына бұйырды.
Үш күн ішіндегі ойындардың ішінде Алматылық құрамамен өткен кездесу есімде қалды. Әбден шаршағандықтан, қақпаға 9 допты өткізіп алдым. Бұл шынымен де білікті құрама. Елордалық команда да осал емес. Бірақ шаршаған болуы керек, соңғы ойында бәсеңдік танытты. Ал біздің құраманың жеңісіне командалық рух септігін тигізді, – деп ағынан жарылды чемпиондар командасының қақпашысы Архат Серікбай.
Соңғы ойында жас аяқ доп шеберлерін қолдауға “Qyzyljar” ФК футболистері де келді.