Бас жүлде мен бірінші орын

Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары халықаралық «Fantastic talent» шығармашылық байқауынан екі гран-при және екі бірінші орынмен оралды

 

Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 32 оқушысы – «Гәкку» би ансамблінің бишілері 15-21 желтоқсан аралығында Алматыда «Fantastic talent» балалар, жасөспірімдер және жасөспірімдер шығармашылығының халықаралық байқауына қатысып қайтты. Мұнда мектеп оқушылары қазылар алқасына бірден 4 нөмірді ұсынды. Көрермендер мен әділ қазылардың ерекше ықыласын туғызған «Мереке думан» биі бас жүлдеге лайық деп танылды. Билеу барысында жас өнерпаздар сахнада қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін және ұлттық сайыс түрлері – асық, алтыбақан, домбыра тарту, арқан тарту мен қазақ күресін көрсетті. Сондай-ақ осы байқауда тағы бір туынды «Үндестік биінің» түсаукесері өтті. Бұл биде жастар ұлттық аспап асатаяқпен өнер көрсетті. Ұжымдағы бишілерге аталған музыкалық аспапты мектептегі қосымша білім беру мұғалімі Владимир Вольф өз қолымен жасап берді. Қазақстан Республикасының өнер қайраткерлері мен А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің оқытушылары кірген қазылар алқасы оқушылардың бұл жаңа биін жоғары бағалап, бірінші орынмен марапаттады. «Тойға шашу» номері үшін де бишілер бірінші дәрежелі лауреат атанды. «Гәкку» ансамблі қазақтың халық билерінен бөлек, халықаралық байқауда тағы бір бас жүлдені еншілеген эстрадалық «Ветер перемен» биін де ұсынды.

 

– Бұл сайыста өзімізді жақсы қырымыздан көрсете алдық. Тек өз намысымызды ғана емес, мектептің де намысын биік деңгейде қорғай алдық деген сенімдеміз. Еліміздің әр өңірінен арнайы жиналған қарсыластарымыз да біз секілді өз өнерлерін барынша көрсетіп бақты. Алайда, мықты дайындық пен кәсіби ұстаздарымыздың арқасында бұл додадағы ең жоғарғы жүлделерге біз ие болдық, – деп бөлісті ансамбль бишісі Мағжан Мақтабек.

Мектептің 9, 10, 11 және 12-сынып оқушыларынан құралған би тобы осылайша Алматы, Нұр-Сұлтан, Тараз, Семей, Талдықорған, Алматы облыстарының ансамбльдеріне, Қырғызстан астанасы Бішкек пен Ресей Федерациясының Түмен қаласынан келген бишілерге мықты бәсекелестік көрсетті. Фестивальден соң балалар оңтүстік астананың көрікті жерлерін аралау мүмкіндігіне ие болды. Олар Көктөбе мен Медеуде болып қайтты.

Бұл – Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының халықаралық шығармашылық байқауларындағы алғашқы жеңісі емес. Бишілер хореографтар Виктория Тихонкова мен Розалия Гайнанованың жетекшілігімен алуан түрлі фестивальдерге қатысып, жеңіске жетіп жүр. Алда Гәккудің шәкірттерін Қырғызстанда өтетін тағы бір халықаралық жарыс күтіп тұр.