NIS СТУДЕНТІ ВОЛОНТЕРЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫ ДАМЫТУДЫҢ ТЫҢ ЖОЛЫН ҰСЫНДЫ

Сәуірдің 22-23 күндері Нұрсұлтан Назарбаев Қорының ұйымдастыруымен елімізде алғаш рет «Мемлекет, бизнес және КЕҰ: тұрақты даму мақсатындағы бірлік пен серіктестіктің 30 жылдығы» атты әлеуметтік жобалар форумы өтті.

Онлайн форматтағы шарада қоғамдық маңызы бар өткір мәселелер талқыланды.

Форумға қазақстандық және халықаралық спикерлер – КЕҰ, мемлекетік және коммерциялық құрылымдардың өкілдері, кәсіпкерлер мен меценаттар, қоғам қайраткерлері, бренд-көшбасшылар, халықаралық және қайырымдылық ұйымдар, азаматтық белсенділер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Олардың арасында Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаева, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, БҰҰ Қазақстандағы Дамыту бағдарламасының Тұрақты өкілі Якуп Бериш, Eurasian Resources Group (ERG) Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич, АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов және басқалар бар.

Жиынға шетелдік және қазақстандық атақты тұлғалармен бірге Петропавл қаласындағы НЗМ-нің 12 сынып студенті Инесса Анарбаева да қатысты.  Оқуда озат шәкірт қоғам өміріне де белсенді араласады. «Адал» еріктілер клубының негізін қалап, экологиялық мәселелермен айналысып, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетіп жүр.  Ол 2020 жылы «Жыл волонтері» атағына ие болып,  «Елбасы Медалін» тағынды. Әлеуметтік жобалар форумында Инесса еліміздегі волонтерлік бағытты дамыту тың жолдарын ұсынды. Ол жиынның ең жас қатысушысы болды.

– Волонтерлік қызметті дамыту үшін заманауи интеграцияны қалыптастырған жөн деп ойлаймын. Еріктілерді тек әлеуметтік саланы дамытуда ғана емес,  бизнесті дамытуда да тегін жұмыс күші ретінде пайдалануға болады. Ал волонтерлік қозғалысты насихаттау  үшін «Ел қаһарманы ерікті» атты комикстер сериясын жасауды ұсынамын. Олар бүгінгі күннің батырлары жайындағы оқиғаларды халыққа жеткізер еді. Форумға келер болсақ, көптеген адамдармен, министр, депутаттармен жүздестім, түрлі сала мамандарымен таныстым. Мен үшін өте пайдалы жиын болды, – деп атап өтті Инесса.

Форумға қатысушылар мемлекет, бизнес және азаматтық қоғамның тұрақты дамуына қол жеткізу, экологиялық мәселелерді шешу, әлеуметтік салаға жауапты бизнес жүргізу және басқа да өзекті мәселелерін қозғады.